13.05.2021 ж күні «№3 жалпы білім беретін мектепте» дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүрген «Жұлдыздар шеруі – 2021» марапаттау рәсімі өтті. Бұл рәсімнің мақсаты – жетістікке жеткен оқушылар мен жетекшілерді, ата-аналарды мадақтау, марапаттау.
Шара барысында аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жалпы білім беретін пәндер олимпиадасы бойынша, түрлі танымдық сайыстар мен спорттық жарыстарда, ғылыми жобаларда жеңіске жетіп, жүлделі оралған оқушылардың аттары аталып, сахна төріне шығарылып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Аталмыш марапаттау рәсіміне қонақ ретінде шақырылған Мұнайлы аудандық Нұр Отан филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.С.Ахмедов республикалық деңгейдегі жеңімпаз оқушылардың жетекшілеріне Алғыс жарияласа, Баянды ауылының әкімі Д.Я.Мұраталиев жеңімпаз оқушылардың ұстаздары мен ата-аналарына, мектеп ұжымына Алғыс хат табыс етіп, гүл шоқтарын ұсынды.
«Жұлдыздар шеруінің» ең басты рәсімі ретінде облыстық деңгейдегі жеңімпаз 11 оқушыға «Мектеп мақтанышы – 2021» төсбелгісі мен куәлігі табыс етілсе, олардың жетекшілеріне Мектеп директоры атынан Алғыс хат пен кәсіподақ ұйымының атынан сыйлық ұсынылды.
Ал республикалық деңгейде жүлдегер атанып, мектебіміздің Республикадағы үздік 100 мектептің қатарынан көрінуіне себепші болған жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 3-орын иегері 11-сынып оқушысы Аминова Асемайға, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 1-орын иегері 10-сынып оқушысы Төлегенова Гүлнұрға, қазақстан тарихы пәні бойынша 3-орын иегері 11-сынып оқушысы Аман Тілепбергенге «Жыл оқушысы – 2021» төсбелгісі мен сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қатар, жетекшілері Қамысбай Құралай мен Мухаммедова Гүлнар, Байназаров Қуатқа кәсіподақ ұйымы атынан сыйлық пен Мектеп директорының Алғыс хаты берілді.
Бұл марапаттау рәсімінде осындай жеңімпаз оқушыларды өсіріп-тәрбиелеуде үлесі зор ата-аналар да қалыс қалмады. Оларға да Мектеп директоры атынан Алғыс хаттар мен ықылас гүл шоқтары табыс етілді.
Қорыта айтсақ, 2020-2021 оқу жылы мектеп үшін толағай табыстарға толы болды. Ұжымның ауызбіршілігі мен еңбекқорлығының нәтижесінде мектеп республика бойынша «Үздік олимпиадалық мектеп» атағына ие болды. Бұл -облыс, аудан, ауыл үшін үлкен мәртебе! Алдағы жылда да жеңімпаздарымыз көп болсын!