Еркінқала орта мектебінің қысқаша тарихы
Мектебіміз Еркінқала елді мекенінде алғашқы бастауыш мектеп болып 1931 жылы ашылған. 1934 жылдан бастап 7 жылдық мектеп болып қайта құрылды. 1957 жылдан бастап 10 жылдық мектептің өрісі кеңейтіліп, білім жолында тоқтаусыз қызмет етіп келеді. Бұл қара шаңырақтың бүгінгі күні ғасырға жуық тарихы бар. Қазіргі күні Еркінқала орта мектебі дамып, өркендеуде.
Мектебіміздің білім сапасы жылдан-жылға көтеріліп келеді. Мектеп түлектерінің арасында соңғы бес жылда 2 «Алтын белгі», жыл сайын «Үздік куәлік», «Үздік аттестат» иегерлерін қанаттандырып жатырмыз.
Мектеп мұғалімдері мен оқушылары қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарға, ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, мұғалім үнемі өз шығармашылығын жетілдіріп, өзін-өзі дамытып, әрқашанда ізденіс үстінде болуы керек. Оқушыға берілетін білім сапасы болу үшін, ең алдымен, ұстаз жан-жақты, өз мамандығына сүйіспеншілікпен қарауы тиіс. Сонда біз келешек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие бере аламыз. Кезінде ұлы ғұламалар «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл қанатты сөз ешқашан өзінің мәнін жойған емес. Сондықтан ертең ел тұтқасын ұстайтын бүгінгі жас ұрпақтың болашағы – бірінші кезекте мұғалімнің берген білімі мен тәлім – тәрбиесіне тікелей байланысты.
Қазіргі таңда Еркінқала орта мектебінде 1-11 сынып оқушыларының саны – 1010. Сондай-ақ, дайындық сыныбында – 150, 2 шағын топта – 50 бүлдіршін білім алуда. Жалпы, мектеп бұл балалар үшін жаңа достардың ортасы, мұғалімдердің тәрбиесін, ақыл-кеңестерін тыңдайтын орта және де баланың қалыптасу деңгейіне әсер ететін білім ордасы.
Мектебімізде жалпы ұстаздар саны – 98. Оның жоғары білімдісі – 75, арнаулы орта білімді маман – 23. Мұғалімдердің біліктілік деңгейіне келер болсақ, жоғары санаттысы – 12, бірінші санаттысы – 32, екінші санаттысы – 25.